1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1.1. Осы құжат Орындаушының жария офертасы болып табылады жəне төменде көрсетілген талаптарда ақылы қызметтер көрсету туралы шарт жасасу жөніндегі ұсынысты қамтиды.
1.2. Орындаушымен осы Шартты жасасатын тұлға «Тапсырыс беруші» деп аталады. Білім беру платформасын пайдалануға тікелей мүмкіндік берілетін жəне/немесе Тарифте көзделген қызметтер көрсетілетін кəмелетке толмаған тұлға «Білім алушы» деп аталады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Тапсырыс беруші Білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі болып табылады.
1.3. Шарт жасалғанға дейін Тапсырыс берушіге осы Офертамен, таңдалған Тарифпен, оның құнымен, қолжетімділік мерзімімен жəне сатып алынатын қызметтердің құрамымен танысу мүмкіндігі беріледі.
1.4. Офертаны акцептеу Тапсырыс берушінің Орындаушы көздеген жəне Шарт талаптарын қабылдағанын бірмəнді түрде білдіретін əрекетті жасауы, оның ішінде Орындаушы ұсынған шотты төлеуі болып табылады. Егер тапсырысты ресімдеу кезінде Офертаны қабылдау туралы жеке белгі қою (құсбелгі) көзделсе, Тапсырыс беруші оны төлем жасалғанға дейін растайды.
1.5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасынан немесе нақты тапсырыстың талаптарынан өзгеше туындамаса, Шарт Орындаушы акцептті алған сəттен бастап жасалған болып есептеледі.
1.6. Акцептті жүзеге асыра отырып, Тапсырыс беруші:
а) Шарт жасалғанға дейін Офертаның талаптарымен танысқанын;
б) көрсетілетін қызметтердің сипаты, құрамы, құны жəне мерзімі туралы қажетті ақпаратты алғанын;
в) Шарт талаптарының өзіне түсінікті екенін;
г) Шартты жасасу үшін қажетті өкілеттіктерге ие екенін жəне егер қызметтер кəмелетке толмаған тұлғаға көрсетілсе, оның ата-анасы, заңды өкілі болып табылатынын не заңнамада көзделген өзге де құқықтық негізге ие екенін;
д) тапсырысты ресімдеу кезінде көрсетілген мəліметтердің дұрыс екенін растайды.
1.7. Шарт жасалған сəтте қолданыста болған Офертаның редакциясы тиісті төленген қызмет көрсету кезеңіне қолданылады. Орындаушы Қазақстан Республикасының заңнамасында жəне Орындаушының ішкі қағидаларында көзделген көлемде жəне мерзімдерде тиісті тапсырысқа қолданылатын Оферта мен Тариф редакциясы туралы мəліметтердің тіркелуін немесе сақталуын қамтамасыз етеді.
1.8. Орындаушы Офертаның жаңа редакциясын ресми сайтта жəне/немесе Платформада орналастыру арқылы болашақ шарттар мен кейінгі ұзартулар үшін осы Офертаны өзгертуге құқылы. Офертаның өзгеруі Тапсырыс беруші төлеген қызметтердің көлемін азайтпайды жəне заңнамада тікелей көзделген немесе Тараптар бөлек келіскен жағдайларды қоспағанда, төленген кезең ішінде олардың құнын арттырмайды.
1.9. Орындаушы Платформаның техникалық, функционалдық жəне ұйымдастырушылық өзгерістерін жүзеге асыруға құқылы, бұл ретте мұндай өзгерістер төленген қызметтер көлемінің жəне Тапсырыс берушінің құқықтарының елеулі түрде азаюына əкелмеуі тиіс.
2. ТЕРМИНДЕР
2.1. Платформа — Shanyraq Study білім беру бағдарламалық-ақпараттық жүйесі, оның ішінде мобильді қосымша жəне Орындаушы білім беру контенті мен функционалдық мүмкіндіктерге қолжетімділікті ұсынатын өзге де цифрлық интерфейстер.
2.2. Тариф — Тапсырыс беруші таңдаған қызметтердің, функционалдық мүмкіндіктердің, қолжетімділік мерзімінің жəне қызмет көрсетудің өзге де талаптарының жиынтығы.
2.3. Қолжетімділік кезеңі — Тапсырыс беруші төлеген жəне оның ішінде Орындаушы Тарифте көзделген Платформаны пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ететін кезең.
2.4. Білім беру контенті — Платформаға жүктелген бейнесабақтар, мəтіндер, тапсырмалар, тесттер, жаттығулар, графикалық, əдістемелік жəне өзге де білім беру материалдары.
2.5. Жеке кабинет — Тапсырыс берушінің жəне/немесе Білім алушының пайдалануына арналған Платформаның жеке бөлігі.
2.6. Шот/Тапсырыс — таңдалған Тариф, оның құны, мерзімі жəне қажет болған жағдайда сатып алынатын қызметтердің өзге де сипаттамалары туралы мəліметтер қамтылған құжат немесе электрондық жазба.
3. ШАРТТЫҢ МƏНІ
3.1. Орындаушы төленген кезең ішінде Тапсырыс берушіге жəне/немесе Білім алушыға Платформаға қолжетімділікті ұсынуға жəне таңдалған Тарифте көзделген қызметтерді көрсетуге, ал Тапсырыс беруші мұндай қызметтердің ақысын төлеуге міндеттеледі.
3.2. Таңдалған Тарифке байланысты қызметтер қамтуы мүмкін:
— диагностикалық тестілеу;
— оқу бағытын қалыптастыру;
— білім беру контентіне қолжетімділікті ұсыну;
— тапсырмалар, тесттер жəне жаттығулар;
— ақпараттық-консультациялық сүйемелдеу;
— үй тапсырмаларын орындауға көмек көрсету;
— бөлім бойынша жиынтық бағалауға (БЖБ) жəне тоқсан бойынша жиынтық бағалауға (ТЖБ) дайындық;
— куратордың сүйемелдеуі;
— кері байланыс;
— топтық онлайн іс-шаралар;
— Тапсырыс берушінің жеке кабинеті;
— оқуды уақытша тоқтату ;
— Тарифте тікелей көзделген өзге де қызметтер мен функционалдық мүмкіндіктер.
3.3. Қызметтердің нақты құрамы, олардың құны, қолжетімділік мерзімі жəне өзге де елеулі сипаттамалары Тапсырыс берушіге төлем жасалғанға дейін ұсынылған Тарифпен жəне Шотпен/Тапсырыспен айқындалады. Офертаның қызметтердің жалпы сипаттамасына қатысты ережелері мен төленген Тарифтің параметрлері арасында қайшылық болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде Шоттың/Тапсырыстың жəне тиісті Тарифтің параметрлері қолданылады.
3.4. Қызметтер қашықтықтан көрсетіледі.
3.5. Егер нақты Тарифте өзге де жағдайлар тікелей көзделмесе, қызметтер жеке репетитормен белгіленген санды жеке сабақтар өткізуді көздейтін жеке оқыту болып табылмайды. Үй тапсырмаларын орындауға көмек көрсету жəне БЖБ/ТЖБ-ға дайындық тиісті Тарифте көзделген форматта жүзеге асырылады.
3.6. Орындаушы Білім алушының нақты бағасына, баллына, емтихан нəтижесіне, белгілі бір білім беру ұйымына түсуіне немесе өзге де нақты академиялық нəтижеге кепілдік бермейді. Білім беру нəтижесі, оның ішінде Білім алушының бастапқы білім деңгейіне, сабақтарға жүйелі қатысуына, тапсырмаларды орындауына, жеке қабілеттеріне жəне Орындаушының толық бақылауында болмайтын өзге де жағдайларға байланысты болады.
4. ТАРИФТЕР, ҚҰНЫ ЖƏНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МЕРЗІМІ
4.1. Қолданыстағы Тарифтер Тапсырыс берушіге төлем жасалғанға дейін сайт, Платформа, Шот/Тапсырыс немесе Орындаушы пайдаланатын өзге де электрондық құрал арқылы ұсынылады.
4.2. Төлем жасалғанға дейін Тапсырыс берушіге кемінде мынадай ақпарат беріледі:
— Тарифтің атауы;
— Құны;
— Қолжетімділік кезеңінің ұзақтығы;
— Тарифке кіретін негізгі қызметтер мен функционалдық мүмкіндіктер.
4.3. Құны төленген тапсырысқа қатысты тіркеледі жəне заңнамада көзделген немесе Тараптар бөлек келіскен жағдайларды қоспағанда, тиісті кезең үшін төлем жасалғаннан кейін Орындаушы оны арттыра алмайды.
4.4. Орындаушы жаңа тапсырыстар мен болашақ ұзартулар үшін Тарифтердің құнын өзгертуге құқылы.
4.5. Барлық есеп айырысу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңгемен жүзеге асырылады.
4.6. Егер Шотта/Тапсырыста өзгеше күн тікелей көрсетілмесе, Қолжетімділік кезеңі Тапсырыс берушіге Платформаға қолжетімділік нақты берілген күннен басталады.
4.7. Қолжетімділікті ұсыну күні пайдаланушы аккаунтын белсендіру немесе Платформаның төленген функционалын пайдалану үшін техникалық мүмкіндік беру күні болып есептеледі.
4.8. Тапсырыс берушіге жəне/немесе Білім алушыға Платформаның тиісті функционалын пайдалану үшін техникалық мүмкіндік қамтамасыз етілген кезең ішінде, Платформа Орындаушы тарапынан жұмыс істеп тұрған жағдайда, Орындаушының Платформаға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі орындалған болып есептеледі. Тапсырыс берушіге жəне/немесе Білім алушыға байланысты себептермен аккаунтқа кірмеу, материалдарды қарамау, тапсырмаларды орындамау немесе Платформаны өзге де тəсілмен пайдаланбау өздігінен қызметтің көрсетілмегенін білдірмейді. Осы тармақтың ережелері Тапсырыс берушінің заңнамада көзделген Шартты одан əрі орындаудан бас тарту құқығын шектемейді.
5. ТӨЛЕМ ЖƏНЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ ҰСЫНУ
5.1. Төлем тапсырысты рəсімдеу кезінде Орындаушы ұсынған тəсілдермен жүзеге асырылады.
5.2. Егер Шотта/Тапсырыста өзгеше мерзім көрсетілмесе, Орындаушы төлем расталғаннан кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей Платформаға қолжетімділікті ұсынады.
5.3. Тапсырыс берушінің төлем жөніндегі міндеттемесі тиісті төлем ұйымы/банк немесе тікелей Орындаушы ақшалай қаражаттың Орындаушының пайдасына түскенін растағаннан кейін орындалған болып есептеледі.
5.4. Шартты автоматты түрде ұзарту жəне ақша қаражатын автоматты (рекуренттік) есептен шығару жүзеге асырылмайды. Қолжетімділік кезеңін ұзарту Тапсырыс берушінің жаңа кезеңді ресімдеуі жəне төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
5.5. Төленген Қолжетімділік кезеңі аяқталғаннан кейін тиісті қызметтерді көрсету тоқтатылады. Ұзарту Тапсырыс берушінің жаңа кезеңді ресімдеуі жəне төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
6. КУРАТОРЛЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ
6.1. Осы бөлім кураторлық сүйемелдеуді көздейтін Тарифтерге ғана қолданылады.
6.2. Куратордың құқығы:
— Оқу процесіне жəне Платформаны пайдалануға қатысты сұрақтарға жауап беру;
— Білім алушының белсенділігі мен үлгерімін талдау;
— Тапсырыс берушіге оқу барысы туралы ақпарат беру;
— Ұйымдастырушылық жəне оқу-əдістемелік ұсынымдар беру;
— Білім алушыны жүйелі түрде оқуға ынталандыру;
— Тарифте көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
6.3. Өзара іс-қимыл Платформа жəне/немесе Орындаушы көздеген байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
6.4. Егер тиісті Тарифте өзге мерзім немесе сүйемелдеу режимі көзделмесе, куратордың стандартты жауап беру мерзімі жұмыс күндері өтініш келіп түскен сəттен бастап 24 сағатқа дейінгі уақытты құрайды. Көрсетілген мерзімге техникалық ақау, еңсерілмейтін күш мəн-жайлары немесе Тапсырыс берушіден қосымша ақпарат алу қажеттілігі салдарынан жауап беру объективті түрде мүмкін болмаған уақыт кірмейді.
6.5. Орындаушы көрсетілетін қызметтердің көлемі азайтылмаған жағдайда, Тапсырыс берушімен келісусіз тағайындалған кураторды функциялары ұқсас басқа маманмен ауыстыруға құқылы.
7. ОРЫНДАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
7.1. Орындаушы міндетті:
а) төленген қызметтер көлемін ұсынуға;
б) Тапсырыс берушіге қызметтер туралы қажетті ақпарат беруге;
в) Платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды ұйымдастырушылық жəне техникалық шаралар қабылдауға;
г) Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтауға;
д) заңнамада жүктелген міндеттер шегінде дербес деректерді қорғауды қамтамасыз етуге; е) Тапсырыс берушінің өтініштері мен талаптарын заңнамада көзделген тəртіппен жəне мерзімдерде қарауға.
7.2. Орындаушының құқығы:
а) Шартты орындау үшін қызметкерлерді, мамандарды жəне үшінші тұлғаларды тартуға, бұл ретте заңнамада белгіленген жағдайлар мен шектерде Тапсырыс беруші алдында жауапты болуға;
б) мұндай өзгерістер төленген қызметтер көлемінің елеулі түрде азаюына əкелмеген жағдайда, білім беру контентін жаңартуға, жекелеген тапсырмаларды, материалдарды, интерфейстерді жəне техникалық шешімдерді ауыстыруға;
в) мұндай өзгерістер Тапсырыс беруші төлеген қызметтер көлемінің елеулі түрде азаюына əкелмеген жəне тиісті Тарифтің талаптарымен салыстырғанда Тапсырыс берушінің жағдайын нашарлатпаған жағдайда, əдістемені, қызмет көрсету реттілігін, форматы мен тəсілдерін, білім беру материалдарының, тапсырмалардың реттілігін жəне пайдаланылатын əдістемелік құралдарды дербес айқындауға жəне өзгертуге;
г) жоспарлы жəне апаттық техникалық жұмыстар жүргізуге;
д) Платформаны заңсыз пайдаланудың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға;
е) Тапсырыс беруші осы Шартты елеулі түрде бұзған жағдайда, 10-бөлімде көзделген тəртіппен қолжетімділікті уақытша тоқтатуға;
ж) заңнамада рұқсат етілген жағдайларда жəне тəртіппен иесіздендірілген статистикалық жəне аналитикалық мəліметтерді пайдалануға құқылы.
8. ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
8.1. Тапсырыс берушінің құқығы:
а) тиісті сапа мен көлемдегі төленген қызметтерді алуға;
б) қызметтердің құрамы мен көрсетілу талаптары туралы ақпарат алуға;
в) Шарттың орындалуына қатысты мəселелер бойынша Орындаушыға жүгінуге;
г) осы Шартта жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға;
д) Қазақстан Республикасының заңнамасында жəне осы Шартта көзделген тəртіппен Шартты одан əрі орындаудан бас тартуға құқылы.
8.2. Тапсырыс беруші міндетті:
а) дұрыс ақпарат беруге;
б) қызметтердің ақысын уақытылы төлеуге;
в) өзінің аккаунтының деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге;
г) аккаунтты жəне берілген қолжетімділік құқығын қолжетімділік берілмеген тұлғаларға бермеуге;
д) Платформаның жұмысына кедергі келтіретін əрекеттер жасамауға;
е) Қазақстан Республикасының заңнамасын жəне осы Шартты сақтауға;
ж) Білім алушының Платформаны осы Шартқа сəйкес пайдалануын қамтамасыз етуге.
8.3. Егер Тарифте өзге де жағдайлар тікелей көзделмесе, Тапсырыс беруші Платформаны пайдалану үшін қажетті үйлесімді құрылғының, ғаламторға қосылудың жəне бағдарламалық қамтамасыз етудің болуын дербес қамтамасыз етеді.
9. ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК
9.1. Платформаға, бағдарламалық қамтамасыз етуге, бейнематериалдарға, мəтіндерге, тапсырмаларға, тесттерге, əдістемелік материалдарға, графикалық элементтерге, дизайнға, дерекқорларға жəне Платформаға жүктелген өзге де контентке айрықша жəне өзге де құқықтар Орындаушыға жəне/немесе тиісті құқық иеленушілерге тиесілі.
9.2. Тарифті төлеу көрсетілген объектілерге айрықша құқықтардың Тапсырыс берушіге берілуін білдірмейді.
9.3. Төленген қолжетімділік мерзімі ішінде Тапсырыс берушіге жəне Білім алушыға Тариф шеңберінде қолжетімді контентті тек жеке білім алу мақсатында пайдалануға шектеулі құқық беріледі.
9.4. Тиісті құқық иеленушінің рұқсатынсыз жəне заңнамада тікелей рұқсат етілген жағдайлардан тыс:
— Қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беруге;
— Платформа материалдарын таратуға;
— Оларды жалпыға қолжетімді түрде орналастыруға;
— Материалдарды коммерциялық мақсатта пайдалануға;
— Контенттің елеулі бөліктерін жүйелі түрде көшіруге немесе қайта шығаруға;
— Бағдарламалық кодты заңсыз алуға, техникалық қорғау құралдарын айналып өтуге немесе Платформаның қалыпты жұмыс істеуін бұзуға бағытталған əрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салынады.
9.5. Материалдардың жекелеген үзінділерін Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей рұқсат етілген жағдайларда пайдалану осындай заңнама шегінде жүзеге асырылады.
10. ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ УАҚЫТША ТОҚТАТУ
10.1. Орындаушы мынадай негіздердің бірі болған жағдайда қолжетімділікті уақытша шектеуге немесе тоқтатуға құқылы:
а) аккаунт үшінші тұлғаларға жүйелі түрде беріліп отыр деп негізді түрде пайымдауға негіз болғанда;
б) материалдарды заңсыз тарату жүзеге асырылғанда;
в) Платформаның қауіпсіздігіне немесе тұрақтылығына қауіп төндіретін əрекеттер жасалғанда;
г) рұқсат етілмеген қолжетімділікке, бағдарламалық қамтамасыз етуге араласуға немесе техникалық шектеулерді айналып өтуге əрекет жасалғанда;
д) Тапсырыс беруші Шартты өзге де елеулі түрде бұзған жəне бұл бұзу Шарттың тиісінше орындалуына тікелей кедергі келтірген жағдайда.
10.2. Егер бұзушылықтың сипаты оны жоюға мүмкіндік берсе, Орындаушы Тапсырыс берушіге хабарлайды жəне бұзушылықты жою үшін ақылға қонымды мерзім береді. Платформаның қауіпсіздігіне, басқа пайдаланушылардың немесе Орындаушының құқықтарына тікелей қауіп төнген жағдайда, кейіннен Тапсырыс берушіге хабарлай отырып, қолжетімділік дереу уақытша шектелуі мүмкін.
10.3. Қазақстан Республикасының заңнамасы Орындаушыны міндеттемелерді орындаудан босатуға жол бермейтін бөлігінде қолжетімділікті шектеу Орындаушыны міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
11. ШАРТТАН БАС ТАРТУ ЖƏНЕ АҚША ҚАРАЖАТЫН ҚАЙТАРУ
11.1. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тəртіппен Шартты одан əрі орындаудан бас тартуға құқылы.
11.2. Егер Шарттан бас тарту туралы өтініш қолжетімділік нақты ұсынылғанға дейін жəне Тариф бойынша жеке көрсетілуі көзделген өзге де қызметтерді көрсету басталғанға дейін алынған болса, Орындаушы алынған төлемді толық көлемде қайтарады, бұған Тапсырыс берушінің өтініші Орындаушыға келіп түскенге дейін Орындаушының нақты тапсырысты орындауға байланысты көтерген жəне өтеуге жататын нақты шығындары қосылмайды.
11.3. Тапсырыс беруші Шартты орындау басталғаннан кейін одан бас тартқан жағдайда, Тапсырыс беруші Шарт тоқтатылған сəтке дейін нақты көрсетілген қызметтер үшін, егер мұндай қызметтерді төлеу міндеті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделсе, сондай-ақ тиісті Шартты орындауға тікелей байланысты жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өтеуге жататын Орындаушының нақты шығындарын өтейді. Бір соманы бір мезгілде нақты көрсетілген қызметтің құны ретінде де, нақты жұмсалған шығын ретінде де есептеуге болмайды.
11.4. Нақты көрсетілген қызметтердің құнын айқындау тəртібі. Əрбір Тарифтің құны №1 қосымшада көрсетілген екі компоненттен тұрады:
(а) Платформаның білім беру контенті кітапханасына қолжетімділік
— Тапсырыс берушіге жəне/немесе Білім алушыға Платформаға жүктелген бейнесабақтарды, оқу жəне əдістемелік материалдарды, тапсырмаларды, жаттығуларды жəне өзге де материалдарды техникалық түрде пайдалануға мүмкіндік беру. Көрсетілген қызмет Тарифте көзделген контент Тапсырыс берушіге жəне/немесе Білім алушыға техникалық тұрғыдан қолжетімді болған жағдайда, қолжетімділік белсендірілген сəттен бастап толық көлемде көрсетілген болып есептеледі. Тапсырыс беруші Шарттан бас тартқаннан кейін білім беру контенті кітапханасына қолжетімділік төленген Қолжетімділік кезеңі аяқталғанға дейін сақталады.
(б) Ағымдағы білім беру сүйемелдеуі — Трекердің Тарифте көзделген қызметтері, үй тапсырмаларын орындауға көмек көрсету, БЖБ/ТЖБ-ға дайындық, куратормен қоңыраулар жəне ағымдағы сүйемелдеудің өзге де қызметтері.
Нақты көрсетілген сүйемелдеудің құны мына формула бойынша пропорционалды түрде есептеледі:
НКҚ (сүйемелдеу) = СҚ × КК / ТК, мұнда:
СҚ — тиісті Тарифтің Спецификациясында көрсетілген «ағымдағы білім беру сүйемелдеуі» компонентінің құны;
КК — сүйемелдеу басталған күннен оның тоқтатылған күніне дейінгі күнтізбелік күндер саны;
ТК — тиісті Тариф бойынша сүйемелдеуге есептелген күнтізбелік күндердің жалпы саны. 11.5. Қайтарылатын соманы есептеу формуласы:
ҚС = ТС − БК − (СҚ × КК / ТК) − НШ, мұнда:
ҚС — Тапсырыс берушіге қайтарылуға тиіс сома;
ТС — Тапсырыс беруші нақты төлеген сома;
БК — тиісті Тарифтің Спецификациясында көрсетілген «білім беру контенті кітапханасына қолжетімділік» компонентінің құны;
СҚ — Спецификацияда көрсетілген «ағымдағы білім беру сүйемелдеуі» компонентінің құны;
КК — сүйемелдеудің нақты көрсетілген күнтізбелік күндерінің саны;
ТК — Тариф бойынша сүйемелдеудің жалпы күнтізбелік күндер саны;
НШ — нақты Шартты орындауға тікелей байланысты жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өтелуге жататын Орындаушының нақты жұмсаған шығындары.
Бір соманы бір мезгілде көрсетілген қызметтердің құнына да, нақты жұмсалған шығындардың құрамына да енгізуге болмайды. Көрсетілген сомалар айыппұл, өсімпұл немесе Тапсырыс берушінің Шарттан бас тартқаны үшін төлем болып табылмайды жəне нақты көрсетілген қызметтер компоненттерінің құнын білдіреді.
11.6. Бас тарту сəтіне дейін нақты көрсетілген жеке немесе дербес қызметтердің құны Тарифте, Шотта немесе Спецификацияда алдын ала көрсетілген осындай қызметтердің құнына сəйкес бөлек есепке алынады. Тарифке байланысты мұндай қызметтерге диагностикалық тестілеу, жеке консультация, маманның жеке жұмысы, дербестендірілген оқу бағытын дайындау жəне өзге де дербес қызметтер жатқызылуы мүмкін. Қызметтің құны ол нақты көрсетілген жағдайда ғана жəне Орындаушыда қызметтің көрсетілгенін растайтын мəліметтер болған кезде есепке алынады.
11.7. Нақты жұмсалған шығындардың құрамына тек нақты Шартты орындауға тікелей байланысты жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өтелуге жататын шығындар ғана енгізілуі мүмкін. Орындаушы тиісті шығындарды құжаттармен, электрондық жазбалармен, ақпараттық жүйелердің деректерімен жəне заңнамада рұқсат етілген өзге де дəлелдемелермен растауға құқылы. Тапсырыс берушінің Шарттан бас тартқаны үшін алдын ала белгіленген айыппұл қолданылмайды.
11.8. Қызметтердің бір бөлігі тиісінше көрсетілмеген жағдайда, есеп Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген Тапсырыс берушінің құқықтары ескеріле отырып жүргізіледі.
11.9. Шарттан бас тарту үшін Тапсырыс беруші Орындаушыға Тапсырыс берушіні жəне тиісті төлемді сəйкестендіруге мүмкіндік беретін тəсілмен өтініш жібереді. Орындаушы төлемді сəйкестендіру, заңсыз қайтарудың алдын алу немесе заңнама талаптарын орындау үшін объективті түрде қажетті қосымша мəліметтерді ғана сұратуға құқылы.
11.10. Егер өтініштен немесе заңнан өзгеше туындамаса, бас тарту күні Орындаушы тиісті өтінішті алған күн болып есептеледі. Осы күннен бастап Орындаушы бас тартудан кейін нақты көрсетілмейтін қызметтердің құнын есептеуді тоқтатады.
11.11. Орындаушы Тапсырыс берушінің сұрауы бойынша қайтарылатын соманың есебін ұсынады.
11.12. Ақша қаражатын қайтару Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тəсілмен жəне мерзімде, тиісті төлем ұйымының қағидалары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
12. ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖƏНЕ ӨТІНІШТЕР
12.1. Қызметтердің сапасына қатысты ескертулер болған жағдайда Тапсырыс беруші Орындаушыға көзделген ресми байланыс арналары арқылы жүгінуге құқылы.
12.2. Орындаушы талаптар мен шағымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жəне мерзімдерде қарайды.
12.3. Осы Шарттың ережелері Тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндетті тұтынушылық құқықтарын шектемейді.
13. ЖАУАПКЕРШІЛІК
13.1. Тараптар міндеттемелерді бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына жəне осы Шартқа сəйкес жауапты болады.
13.2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес Орындаушы тиісті мəн-жайлар үшін жауап бермесе, Орындаушы Тапсырыс беруші тарапындағы, оның ішінде ғаламторға қолжетімділіктің болмауы, құрылғының ақаулығы, құрылғының жарияланған техникалық талаптарға сəйкес келмеуі немесе үшінші тұлғалардың əрекеттері салдарынан Платформаны пайдалану мүмкін болмағаны үшін жауап бермейді.
13.3. Егер заңнамада өзге де жағдайлар көзделмесе, Орындаушы еңсерілмейтін күш мəн-жайларына, байланыс инфрақұрылымындағы апаттарға жəне Орындаушының ақылға қонымды бақылауынан тыс өзге де жағдайларға байланысты туындаған уақытша үзілістер үшін жауап бермейді.
13.4. Ақылға қонымды ұзақтық жағдайында жəне Тапсырыс берушінің төленген қызметтер көлемінен елеулі түрде айырылмауы қамтамасыз етілген кезде жоспарлы техникалық жұмыстар Шартты бұзу болып есептелмейді. Орындаушы жауап беретін себептер бойынша Платформаны нақты пайдалану кезеңі елеулі түрде қысқарған жағдайда, Орындаушы тиісті қолжетімділік кезеңін қалпына келтіруге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес Тапсырыс берушінің бұзылған құқығын қалпына келтірудің өзге тəсілін қолдануға құқылы.
13.5. Осы Шартта көзделген жауапкершілікті шектеулер Қазақстан Республикасының императивтік нормаларында рұқсат етілген дəрежеде ғана қолданылады. Осы Шарт заңмен мұндай алып тастауға немесе шектеуге тыйым салынған жағдайларда Орындаушының жауапкершілігін жоққа шығармайды жəне шектемейді.
14. ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕР
14.1. Тапсырыс беруші мен Білім алушының дербес деректерін жинау жəне өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.
14.2. Заңнамада дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімі талап етілетін жағдайларда мұндай келісімді Орындаушы оның алынғанын растауға мүмкіндік беретін тəсілмен алады.
14.3. Кəмелетке толмаған тұлғаның дербес деректерін өңдеу оның заңды өкілінің келісімі негізінде немесе өзге де заңды негізде жүзеге асырылады.
14.4. Егер мұндай келісім заңнамада талап етілсе, дербес деректерді жинауға жəне өңдеуге келісім осы Офертамен бөлек рəсімделеді.
14.5. Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мəліметтер мен талаптарды қамтуға тиіс.
14.6. Орындаушы дербес деректерді қорғау үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық жəне техникалық шараларды қабылдайды.
14.7. Дербес деректерді сақтау Қазақстан Республикасының тиісті дерекқордың жəне/немесе цифрлық объектінің орналасқан жеріне қойылатын талаптары туралы заңнамасын сақтай отырып жүзеге асырылады.
14.8. Дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру жəне трансшекаралық беру тиісті құқықтық негіз болған кезде жəне Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтай отырып қана жүзеге асырылады.
14.9. Үшінші тараптардың байланыс арналарын пайдалану Тапсырыс берушінің мұндай сервистер арқылы дербес деректердің шектеусіз көлемін беруге автоматты түрде келісімін білдірмейді. Орындаушы тиісті коммуникация үшін қажетті көлемге дейін берілетін деректердің құрамын барынша азайтады.
15. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖƏНЕ ДƏЛЕЛДЕМЕЛЕР
15.1. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жəне шектерде электрондық өзара іс-қимылдың заңды маңыздылығын мойындайды.
15.2. Орындаушы мыналар туралы мəліметтерді:
— акцепттің күні мен уақытын;
— қолданылатын Оферта редакциясын;
— таңдалған Тарифті;
— шығарылған Шотты/Тапсырысты;
— төлемді;
— қолжетімділіктің ұсынылғанын;
— Платформадағы аккаунт əрекеттерін;
— Тарифте көзделген қызметтердің көрсетілгенін;
— Тапсырыс берушінің өтініштерін;
— алынған келісімдерді Шартты орындау, заңнама талаптарын сақтау жəне Тараптардың заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті мерзім ішінде сақтауға құқылы.
15.3. Электрондық жазбалар, ақпараттық жүйелердің журналдары, төлем ұйымдарының мəліметтері, электрондық хат-хабарлар жəне өзге де мəліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген дəрежеде Тараптар тарапынан дəлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін.
16. ЕҢСЕРІЛМЕЙТІН КҮШ МƏН-ЖАЙЛАРЫ
16.1. Тарап міндеттемені орындамау үшін жауапкершіліктен тиісті орындау Қазақстан Республикасының заңнамасында түсіндірілетін еңсерілмейтін күш мəн-жайларының салдарынан мүмкін болмағанын дəлелдеген дəрежеде босатылады.
16.2. Орындау мүмкін болмай қалған Тарап объективті түрде мүмкін болған жағдайда, бұл туралы екінші Тарапқа ақылға қонымды мерзімде хабарлайды.
16.3. Еңсерілмейтін күш мəн-жайлары Тапсырыс берушіні заңның императивтік нормалары бойынша Тараптардың келісімімен шектелмейтін құқықтарынан айырмайды.
17. ШАРТТЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ
17.1. Шарт:
а) төленген Қолжетімділік кезеңінің аяқталуына байланысты;
б) Тапсырыс берушінің Шартты одан əрі орындаудан бас тартуына байланысты;
в) Тараптардың келісімі бойынша;
г) Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген жағдайларда Орындаушының бастамасы бойынша;
д) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша тоқтатылады.
17.2. Орындаушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жəне тəртіппен Шартты орындаудан бас тартуға құқылы. Егер Орындаушының бас тартуы Тапсырыс берушінің кінəлі əрекеттеріне байланысты болмаса, мұндай бас тартудың салдары, оның ішінде заңнамада көзделген жағдайлар мен шектерде Тапсырыс берушіге келтірілген залалды өтеу міндеті Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
18. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
18.1. Тараптар туындайтын келіспеушіліктерді келіссөздер жəне шағымдарды қарау тəртібі арқылы шешуге ұмтылады.
18.2. Шағым Орындаушының ресми байланыс деректері бойынша немесе Орындаушы көздеген өзге де тəсілмен жіберіледі.
18.3. Орындаушы шағымды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімде қарайды.
18.4. Егер дау реттелмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген соттылық тəртібі мен қағидаларына сəйкес шешілуге жатады. Осы Шарттың ешбір ережесі тұтынушыға заңнамада берілген жағдайда оның соттылықты таңдау құқығын шектемейді.
19. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19.1. Осы Шартқа Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
19.2. Оферта Орындаушы оны қайтарып алғанға немесе жаңа редакциямен ауыстырғанға дейін қолданылады.
19.3. Шарттың жекелеген ережесін жарамсыз немесе қолданылмайтын деп тану қалған ережелердің автоматты түрде жарамсыз болуына əкелмейді.
19.4. Шартта реттелмеген мəселелер Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. 19.5. Тариф, Шот/Тапсырыс жəне оларда тікелей көрсетілген өзге де құжаттар нақты тапсырысқа қатысты шарттық талаптардың бір бөлігі болып табылады.
19.6. Шарттың ережесі Қазақстан Республикасының императивтік нормасына қайшы келген жағдайда, Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық нормасы қолданылады.
20. ОРЫНДАУШЫНЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
«Shanyraq Study» ЖШС
БСН: 250140021373
ЖСК: KZ60722S000043446905
Банк: «Kaspi Bank» АҚ
БСК: CASPKZKA
БЭК: 17
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Əбіш Кекілбайұлы көшесі, 97А үй, 358
Ресми электрондық пошта мекенжайы: mshanyraq@gmail.com
Өтініштерге арналған телефон/WhatsApp: +7 (700) 739 76 48